ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ САЛАЛАРЫ АРАСЫНДА ДИАЛОГ АЛАҢЫ ӨТКІЗІЛДІ

Ағымдағы жылдың 25 ақпанында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті өткен жылды қорытындылап, алдағы кезеңге арналған жұмыс жоспарымен бөлісті.

Face to face форматындағы іс-шара қоғам өкілдерімен, сарапшылармен және мүдделі мемлекеттік органдармен пікір алмасу форматында өткізілді.

Департамент басшысы Әли Көмекбаев мемлекеттік қызметтің міндеті халыққа адал қызмет ету және елдің ұлттық мүдделерін тиімді қорғау екендігін жеткізіп, ауқымды жобаларды іске асырудағы мемлекеттік аппараттың маңызды рөліне тоқталды.

Сонымен қатар, Әли Амантайұлы тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою мақсатында құрылған “Шымкент – адалдық алаңы” жобасына жеке тоқталып, азаматтық қоғам өкілдері мен барлық қатысушыларға жемқорлықпен күресте күш-жігерді біріктіруге, тәжірибелермен бөлісуге шақырды.

Арнайы мониторингтік топ мүшелері А.Орынбек, Ә.Әссанди аталған топтың 2018 жылы атқарған жұмыстарына қысқаша тоқталып, қоғам өміріндегі әлеуметтік желілердің маңыздылығын сөз етті.

Сондай-ақ, шара барысында кәсіпкерлерге мемлекеттік органдар тарапынан қолдау барысы, мемлекеттік қызметтегі жаңашылдықтар мен мемлекеттік қызметке түсудегі өзгешеліктер, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы мен мемлекеттік қызметшілердің әдебі, сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы діннің рөлі талқыланды.

Шымкент қаласының барлық санаттардағы жастармен түрлі бағыттарда жұмыс өз деңгейінде атқарылып жатыр деген Қамбар Жани, жастар бастамаларын қолдауға, сондай-ақ волонтерлік қызметтерді жандандыруға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған жобалармен таныстырды.

Кездесуге Департамент басшысы Ә.Көмекбаев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары К.Қабылбеков, қала әкімінің орынбасары Г.Құрманбекова, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының Шымкент қаласы бойынша өкіл имамы Б.Бейсенбаев, Арнайы мониторингтік топ мүшелері А.Орынбек, Ә.Әссанди, Шымкент қаласы бойынша кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Қ.Акенов, «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Е.Төлебаев, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару Академиясының Шымкент қаласы бойынша филиалының ассистенті А.Омаров, Жастар ресурстық орталығының маманы Ж.Қамбар, мемлекеттік органдардың басшылары мен БАҚ, дін өкілдері, Азаматтық Альянс заңды тұлғалар бірлестігі мен қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.

Іс-шара соңында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте алдын алу шараларын тарату, қызмет көрсету сапасын қамтамасыз ету және электронды түрде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің үлесін арттыру бойынша мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берілді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *