Шымкент қаласында алғаш рет «Integrity Shop» ашылды

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің “адалдық дүкенін» ашу бастамасын М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті алғашқылардың бірі болып қолдау білдірді.

А.ж. 21 қараша күні Департамент басшылығы Университет  ректоратымен бірлесе салтанатты түрде ашылу рәсімін өткізді.

“Адалдық дүкені” жұмысы өзіне-өзі қызмет көрсету жүйесі бойынша ұйымдастырылды. Мұнда оқытушылар мен студенттер өздеріне қажетті заттарды алып, алынған тауар үшін ақшаны кассалық жәшікке қалдырып, есеп айырысады. Яғни, дүкенде сатушы жоқ, затты сатып алушылар өз-өздеріне қызмет көрсететін болады.

Мұндай дүкендерді енгізу жастардың жағымды моральдық қасиеттерін, соның ішінде ішкі парасаттылық пен адалдықты тәрбиелеуге бағытталған.

Бұл факторлар “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетті” қалыптастыруға тікелей әсер етеді.

Ашылу салтанатына қатысқан Департаменттің Сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы Е.Жұмабаев аталған жоба ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен жүзеге асып жатқандығын жеткізіп, Шымкент қаласында алғаш болып қолдаған  Университетке алғысын білдірді.

«Жобаның басты мақсаты – қоғамда сенім атмосферасын біртіндеп құру және студент жастарға өзін жақсы, адал адам ретінде анықтауға мүмкіндік беру» – деп атап өтті Ерғали Тілесбайұлы.

Ашылу салтанатына қатысқан студенттер мұндай дүкеннің ашылуына таңданыстарын жеткізіп, жастарға білдірілген сенім үшін ұйымдастырушыларға, университет ұжымына ризашылықтарын білдірді.

Айта кету керек, осы тұрғыдағы «Адалдық дүкендерін» қаланың барлық жоғарғы оқу орындары мен колледжерінде ашу жоспарлануда.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *