«Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінде ерекше форматтағы брифинг өтті

Ағымдағы жылдың 31 қаңтар күні Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті 2018 жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, 2019 жылы жүзеге асырылатын жоспарлармен БАҚ өкілдерін таныстыру мақсатында брифинг өткізді.

Брифингте Департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ә.Көмекбаев, Департаменттің Сыбайлас жемқорлық профилактикасы, Мемлекеттік қызмет, Мемлекеттік қызмет көрсету, Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармаларының басшылары мен «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Департаменттің Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы С.Артықбаев мемлекеттік органдардың жұмыс уақытын тиімді пайдалануға бағытталған алдын алу  іс-шараларын іске асыру, мемлекеттік қызметшілердің арнайы мемлекеттік қорға 2018 жылы 52 дана, ал 2019 жылы 11 дана сыйлық тапсырылғаны туралы баяндады.

Оның айтуынша Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметшілер белгіленген мерзімнен тыс уақытта жұмыс жасамауға тиіс деген тапсырмасына орай, Шымкент қаласындағы мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын сақтау үшін жұмыс компьютерлерін сағат 19.00-де автоматты түрде сөндіру жүйесі енгізілген.Ол бағдарламаны мемлекеттік органдарға егжей-тегжейлі түсіндіру мақсатында арнайы бейнеролик жасалынып, тіпті еліміздің барлық мемлекеттік мекемелеріне де хатпен жолданған.

«Бүгінгі күні біздің қаламызда артық жұмыс жасау фактілерін түбегейлі жою мақсаты тұр. Осыған орай барлық мемлекеттік органдарда СКУД жүйесін орнатуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда аталған жүйе 16 жергілікті және 8 аумақтық мемлекеттік орнгандарда орнатылған. Аталған жүйе арқылы алынған мәліметтер бойынша жұмыс компьютерлерінің автоматты өшірілуіне тұрақты түрде талдау жүргізіледі», – деді С.Артықбаев.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *