ШЫМКЕНТТІК ШЕНЕУНІКТЕР БАЛАЛАРҒА ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ ЗИЯНЫ ТУРАЛЫ МЕКТЕП КЕЗДЕН АЙТУДЫ ҰСЫНДЫ

Ағымдағы жылдың 26 қыркүйек күні ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша Департаментінің бастамасымен «Білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы құралдар: жүзеге асыру және ұлттық заңнаманың ерекшеліктері» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Департамент басшысы Ә.Көмекбаевтың төрағалығымен өткен конференцияға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары  К.Қабылбеков, Шымкент қаласының білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Ж.Тажиева, Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы А.Абылайхан, колледж, мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілері, жалпы саны 300-ге жуық адам қатысты.

Іс-шараны бастаған Департамент басшысы Әли Амантайұлы конференцияның күн тәртібімен таныстырып, бүгінгі конференцияның мақсаты білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу, болдырмау мәселелеріне қатысты жүргізілген және жүріп жатқан іс-шаралар бойынша пікір алмасу екендігін атап өтті. Оның айтуынша, білім беру жүйесіндегі проблемалық мәселелердің бірі – мектеп оқушылары арасында ақылы тестілеу өткізу фактілері.

«Адалдыққа үйрететін, баланы тәрбиелейтін бірден-бір орын мектеп бола тұра, қазіргі таңда оқу орындарының өзінде жемқорлық кездесіп жатады. Олай деуге ата-аналардан үздіксіз ақша жинау фактісі негіз болып отыр. Қоғаммен кері байланыс орнату мақсатында WhatsApp нөмірін қосқан болатынбыз. 2018 жылдың І-жартыжылдығында 70-ке жуық арыз-шағымдар, өтініштер мен ұсыныстар келіп түссе, соның 40 пайыздан астамы білім саласына қатысты. Атап айтқанда, мектептердегі ақша жинау, мұғалімдердің жалақыларының уақытылы төленбеуі, директорлардың өкілеттіліктерін асыра пайдалануы, тағысын тағы» – деді Ә.Көмекбаев.

Конференция барысында мемлекет барлық мектептің қажеттіліктеріне, соның ішінде жөндеу жұмыстарына және басқа да іс-шараларға жеткілікті қаржы бөлінетіндігі айтылып, мектептерде, тіпті балабақшаларда да ата-анадан жиналған кез келген қаражат заңсыз екендігі айтылды.

Әли Амантайұлы бүгінгі іс-шараның басты мақсаты біреуді жазаға тарту емес, бұзушылықтардың алдын алу екендігін түсіндіріп, еліне, жеріне патриот, адал азаматтарды тәрбиелеуде бірлесе жұмыс жасауға шақырды.

Айта кетейік, сыбайлас жемқорлық деректері бойынша Агенттіктің 1424  Call-орталығы, сонымен қатар, азаматтармен тиімді кері байланыс орнату мақсатында Департаменттің memkyzmet.kz сайтында арнайы «Білім» айдары ашылып,                      +7 702 201 51 51 нөмірі бойынша WhatsApp мессенджер жұмыс жасайды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *