СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

Ағымдағы жылдың 5 желтоқсанында Жол-көлік колледжі ғимаратындаҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы А.Шілманов және Қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары А.Текебаева сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша меморандумға салтанатты түрде қол қойды.

«Меморандумның басты мақсаты-білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу саласындағы өзара іс-қимыл, сондай-ақ мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және құқықтық сауаттылықты арттыру бойынша бірлескен жұмыс» – деді Айбек Шілманов.

Өз кезегінде, қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары А.Текебаева сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласында Агенттіктің бастамасымен қолға алынған жобаларды бірлесе жүзеге асыруға дайын екендіктерін жеткізді.

Іс-шара барысында колледж директоры Г.Искакова Колледж жұмысымен таныстыра келе, «Өзіне-өзі қызмет көрсету» бұрыштарын көрсетті. Мұнда оқытушылар, студенттер және олардың ата-аналары электрондық үкімет порталы арқылы мемлекеттік қызметтерді кедергісіз алатынын жеткізді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *