Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топ ағымдағы жылдың ақпан айынан бүгінгі күнге дейін облыстың 9 аудан, қаласына, атап айтсақ, Сайрам, Түлкібас, Ордабасы, Мақтарал, Шардара, Созақ, Сарыағаш аудандары және Кентау, Арыс қалаларында халықпен кездесу өткізді.
Кездесулердің мақсаты қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға кеңінен тарту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру.
Әр аудан, қалаларда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топ мүшелері 25-тен аса ауыл округтерінде болып, халық көп шоғырланатын орындарда (базар, автовокзал, халыққа қызмет көрсету орталығы, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары, емханалар) тұрғындармен сондай-ақ, әкімдік, мемлекеттік кірістер басқармасы, ішкі істер бөлімі, төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімі, мектеп директорлары және балабақша меңгерушілері, жастар, этномәдени, дін өкілдерімен, кәсіпкерлермен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Әрбір іс-шараға Департамент қызметкерлерімен қатар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюро қызметкерлері, дін, «Нұр Отан» партиясы және БАҚ өкілдері қатысты.
Сондай-ақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топ сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасаған лауазымды тұлғалардың соңғы қызмет орнындағы мемлекеттік қызметшілермен кездесу өткізді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топ барлығы 130 000-ға жуық адаммен кездесу өткізіп, аталған іс-шаралар жергілікті БАҚ-да жарияланды.
Осы тұрғыдағы кездесулер алдағы уақытта облысымыздың басқа да аудан, қалаларында жалғасын табатын болады.