БІРІНШІ СЫНЫПҚА ОҚУШЫЛАРДЫ ҚАБЫЛДАУ ҚЫЗМЕТІ ТАЛАПҚА САЙ ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТЫР МА?

Тамыз айының алғашқы күні  ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің өңірлік Департаменті Шымкент қалалық білім басқармасымен бірлесе білім беру ұйымдарының басшыларымен кездесу өткізді.

Күн тәртібінде білім мекемелеріне оқушыларды 1 сыныпқа қабылдау бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызметтің талапқа сай жүргізілуі қаралды.

Себебі, жуырда қаланың бірқатар мектептерінде «Жасырын тұтынушы» қоғамдық бақылау жобасы аясында іс-шара жүргізіліп, оқушыларды мектепке қабылдау кезінде заңнамада қаралмаған бала мен ата-ананың мекен жайы, ата-ананың жұмыс орнының анықтамалары, ата-ананың жеке куәліктері, баланың ЖСН көшірмесі сұратылатыны анықталды.

Кездесу барысында Департаменттің бас маманы Н.Сарғалдақов мұндай жағдайлар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің болуы мүмкін екенін айтып, білім беру ұйымдарының басшыларына қызмет алушыларды әуре сарсаңға салмай, қызмет көрсету кезінде стандарттардың талаптарын сақтауды және мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы көрсетілуін қамтамасыз ету керектігін түсіндірді.

Сонымен қатар, орын алған кемшіліктерді болдырмау және алдын алу мақсатында Шымкен қалалық білім бөлімімен бірлесіп, кешенді шаралар ұйымдастыру мәселесі келісілді.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *