АРНАЙЫ МОНИТОРИНГТІК ТОПТЫҢ АЛҒАШҚЫ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

2019 жылдың 30 қаңтарында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша Департаментінің жанынан құрылған Арнайы мониторингтік топ мүшелерінің 2019 жылдың жоспарын талқылау бойынша жиын өтті.

Іс-шараға ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Ә.Көмекбаев, Департамент қызметшілері мен арнайы мониторингтік топтың мүшелері қатысты.

Іс-шараның мақсаты – қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы                        іс-қимылға кеңінен тарту, қоғамдық бақылау саласындағы өзекті мәселелерді талқылау болып табылады.

Іс-шарада сөз алған Департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ә.Көмекбаев Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында негізгі міндеттердің қатарында сыбайлас жемқорлықпен белсенді күрес жалғасатынын нақтылап өтті. Бұл тұста, мемлекет пен қоғамның күш-жігерін біріктіру аса маңызды.

«Құрметті Арнайы мониторингтік топ мүшелері! Өздеріңізге белгілі жақында ғана азаматтардың мемлекеттік билік институттарына сенімін арттыру, жемқорлық деңгейін төмендету және сыбайлас жемқорлықты жалпы қабылдамауды қалыптастыру  мақсатында «Шымкент – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі ашылды. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда Департамент, жобалық кеңсе қызметшілерімен және Сіздермен бірлесе бірқатар жобаларды жүзеге асырып, нақты нәтижеге жетеміз деп сенім білдіргім келеді» – деді Әли Амантайұлы.

Жиында 2018 жылы Арнайы мониторингтік топтың атқарған жұмыстары бойынша Департаменттің Сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы Е.Жұмабаев баяндама жасады. Сондай-ақ, ол Арнайы мониторингтік топ мүшелерінің жауапкершілік матрицасы қалыптастырылғандығын жеткізіп, таныстырды.

Сонымен қатар, 2018 жылғы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Ұлттық баяндаманың жобасы талқыланды.

Іс-шара барысында 2018 жылы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда белсенді жұмыс жүргізген Арнайы мониторингтік топ мүшелері «Шымкент қаласының кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің бас маманы Ә.Датқаев, «Ontustik» телеарнасының журналисі Р.Жүнісова Департамент басшысының алғыс хатымен марапатталды.

Арнайы мониторингтік топ мүшелері мемлекеттік мекемелердің ашықтығы мен халыққа қолжетімділігін жақсарту мақсатындағы пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *