ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНДА 500-ГЕ ЖУЫҚ КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ҚАТЫСУЫМЕН СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ФОРУМ ӨТТІ

Елбасы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында сыбайлас жемқорлықпен күресте көп нәрсе бүкіл қоғамның белсене атсалысуына байланысты екенін және жемқорлықтың алдын алуға бағытталған күрес әрі қарай жалғаса беретінін нақтылап көрсеткен.

Кез-келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету  – өзекті мәселелердің бірі және елдегі қабылданып отырған сыбайлас жемқорлыққа қарсы                     іс-қимыл шаралары туралы кәсіпкерлердің хабардар болуы маңызды.

Осы себептен, ағымдағы жылдың 17 мамыр күні ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ОҚО бойынша департаменті мен облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің ұйымдастыруымен «ҚР салық, кеден кодекстерін түсіндіру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері» бойынша облыстық кәсіпкерлер форумы өтті.

Форумға ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ОҚО бойынша департаментінің басшысы Ә.Көмекбаев, облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы А.Үмбеталиев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының ОҚО бойынша департаменті басшысының м.у.а. Ә.Жорабеков, облыс әкімінің орынбасары Е.Садыр, «Нұр Отан» партиясы ОҚОФ төрағасының бірінші орынбасары Н.Жолдасов, облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Қ.Акенов және облыстың 500-ге жуық кәсіпкерлері мен шетелдік компания өкілдіктері қатысты.

Іс-шараның мақсаты – бизнес ортада сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық үлгісін қалыптастыру, кәсіпкерлердің сыбайлас жемқорлыққа ықпал ететін себептер мен жағдайларды жоюға белсенді қатысуын қамтамасыз ету.

Іс-шарада сөз алған ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы  іс-қимыл Агенттігінің ОҚО бойынша департаментінің басшысы Ә.Көмекбаев «Елбасы кәсіпкерлікті қолдауға, бизнесті дамыту үшін әкімшілік кедергілерге жол бермеуге және елдегі қолайлы инвестициялық ахуалды қамтамасыз етуде қиындықтар жасалмауы тиіс екеніне көңіл бөліп отырады. Департамент азаматтармен және бизнес-құрылымдарының өкілдерімен тікелей қарым – қатынасқа және кәсіпкерлікті қорғауға ерекше мән береді. Бүгінгі күні қоғаммен кері байланыс орнату мақсатында республикада, облысымызда және қала, аудандарда арнайы мониторингтік топ құрылып, өз жұмысын бастады» – деп атап өтті.

Топтың құрамына азаматтық қоғам институттары, белгілі қоғам қайраткерлері мен танымал блогерлер енді. Арнайы мониторингтік топ мемлекет пен қоғам арасындағы байланыстырушы көпір ретінде қызметтің барлық салаларында азаматтық бақылауды жүзеге асырады. Қазіргі таңда Арнайы мониторингтік топ мүшелері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топпен бірлесе аудан, қалалардағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлерімен және кәсіпкерлермен кездесулер өткізуде.

Сонымен қатар, азаматтармен тығыз жұмыс жүргізіп, кері байланыс орнату мақсатында «Қоғамдық бақылау картасы» әзірленді. «Қоғамдық бақылау картасы» танымал әлеуметтік желілер (Facebook, VK, Instagram және Whats App, Telegram 8-775-869-21-21) мен колл-центр (8 (7252) 51-51-51) арқылы жүзеге асырылуда.

Сондай-ақ, Департамент басшысының орынбасары Ғ.Асанұлы кәсіпкерлердің құқықтарын шектемек болған лауазымды адамдардың жауапкершілігі Әдеп жөніндегі кеңесте қаралып отыратындығын жеткізіп, атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасады.

Форум барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының  ОҚО бойынша департаменті басшысының м.у.а. Әбілқасым Жарылқасынұлы кәсіпкерлердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша Департамент жұмысы туралы баяндама жасады.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *