Оңтүстік Қазақстан облысында «Мемлекеттік қызмет – менің таңдауым» атты брейн-ринг зияткерлік ойыны өтті

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттіктің ОҚО бойынша департаменті мен облыстық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасы бірлесе студенттер арасында «Мемлекеттік қызмет – менің таңдауым» тақырыбында «Брейн-ринг» интеллектуалды ойынын өткізді.

Бұл сайыс облыстың жоғарғы оқу орындары мен кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарындағы жастарды қамтыған.

Іс-шараның мақсаты – жастар арасында мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру, мемлекеттік қызметтің қоғам өмірі үшін маңызы мен қоғамның даму үдерісіне қосатын үлесін насихаттау және мемлекеттік қызметтегі маңызды аспектілерін түсіндіру.

Мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамаларды білуге арналған конкурсқа 6 жоғарғы оқу орындарынан 4 команда қатысты. Іс-шара 4 дүбірлі дода аясында өтті: команданы таныстыру, мемлекеттік қызмет заңнамаларынан сұрақтар беру арқылы тестілеу, сұрақ-жауап сайысы және капитандар арасындағы жарыс.

Интеллектуалды ойынға Департамент басшысының орынбасары Ғ.Асанұлы, Департаменттің Мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Г.Зейнулла, «ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясы» РМҚК ОҚО бойынша филиалының директоры З.Қабылбекова және облыстық Арнайы мониторингтік топтың мүшесі А.Орынбек  төрелік етті.

Әрбір команда мүшесі жоғары дайындығымен өз оқу орнының эрудиті жоғары екендігін дәлелдеді.

Іс-шара барлық қатысушылардың белсенді ат салысқаны үшін алғыс хаттармен, сонымен қатар, жеңімпаз командалардың сыйлықтарға ие болып марапатталуымен салтанатты түрде аяқталды.

Бірінші орынды «Қырандар» командасы, екінші орынды «Ақиқат» командалары алса, үшінші орынды «Тарбағатай» командасы иемденді.

Бұған қоса, жеңімпаз команда Департамент жанынан әлеуетті жастарды мемлекеттік қызметке дайындау мақсатында құрылған Мемлекеттік қызмет мектебіне жолдама алды.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *