ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНДА МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР АРАСЫНДА ДӘСТҮРЛІ СПАРТАКИАДА БАСТАУ АЛДЫ

Ағымдағы жылдың 27 сәуір күні мемлекеттік қызметшілердің төл мерекесіне және мемлекеттік қызмет істері органдарының 20 жылдығы мерейтойы қарсаңында мемлекеттік қызметшілер арасында спартакиада жалауын желбіретті.

Әрбір елдің дамуы мен өсіп-өркендеуі мемлекеттік қызметшілердің сапалы қызметіне тәуелді болса, сапалы қызмет атқару үшін мемлекеттік қызметшілердің салауатты өмір салтын ұстануы – маңызды факторлардың бірі.

Осы орайда, оңтүстік өңірдің қызметшілері қиын да сындарлы қызметін атқарумен қатар, спорттық жарыс түрлерінен бақ сынасуда да өздерін көрсетіп бағуда.

2014 жылы алғаш рет мемлекеттік қызметшілер күні кәсіби мереке ретінде белгіленген болса, осы кезден бастап облыс көлемінде спорт түрлерінен  мемлекеттік қызметшілер арасында жарыстар өткізу үрдіске айналған.

Жарысқа қатысушыларды ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ОҚО бойынша департаментінің басшысы Ә.Көмекбаев және облыс әкімі аппаратының басшысы Ә.Тұрғымбеков құттықтап, сәттілік тіледі.

  • «Мемлекеттік қызмет – әрбір мемлекеттің қалыптасуы мен дамуының басты негізі екенін ескерсек, Елбасымыз кәсіби мемлекеттік аппарат құруды көздеген Ұлт жоспарын енгізгелі 3 жылға жуық уақыт өтті. Қазіргі таңда облысымызда мемлекеттік қызметшілердің 50%-ға жуығының мемлекеттік қызметтегі өтілдері 10 жылдан асады. Әрбір мемлекеттің жарқын болашаққа қарай жасаған қадамы мен ілгері дамуы мемлекеттік қызметшілердің қызметіне тікелей тәуелді. Мемлекеттік қызметші барлық жағынан қоғамға үлгі болуы тиіс. Мемлекеттік қызметті жауапкершілікпен атқарып жүрген сіздерге спортта да жарқын жеңістер тілеймін. Мемлекеттік қызметкерлер арасындағы Спартакиаданы ашық деп жариялаймын! – деді Департамент басшысы Әли Амантайұлы.

Мемлекеттік қызметшілер арасындағы Спартакиадаға барлығы 84 мемлекеттік органның 1200-ге жуық әкімшілік қызметшілері мен құқық қорғау қызметінің өкілдері 19-29 сәуір аралығында спорттың 6 түрінен (волейбол, шағын футбол, гір көтеру, жүзу, арқан тарту, үстел теннисі) сайысқа түсуде.

Олар өзара 4 топқа бөлінген:

  • 1 топ – орталық мемлекеттік органдардың аумақтық органдары;
  • 2 топ – құқық қорғау органдары;
  • 3 топ – облыс әкімдігі және облыстық басқармалар;
  • 4 топ – аудан, қала әкімі аппараттары (мәслихат аппараттары бірге);

Ақтық сайыстар 29 сәуірде әр топтың жеңімпаздарының арасында өтетін болады.

Айта кетейік, 10 жылға жуық уақыт бойы облыстағы барлық мемлекеттік қызметшілерге спорт кешендерінде спорттың әртүрлі түрлері бойынша тегін спортпен шұғылдануға мүмкіндік жасалған.

Ендігі меже дамыған 30 елдің қатарына қосылу болса, бұл белесті бағындыруға жоғары деңгейлі мемлекеттік аппарат қажет.

Мансаптық модельдің басты қағидаты – мемлекеттік қызметшінің жеке сіңірген еңбектері мен жетістіктерін мойындау болса, облысымыздағы қызметшілердің мансаптық өсу деңгейі 80,5%-ға жетіп отыр.

Бұл – мемлекеттік қызметшілерді қызмет бабында ілгерілетудегі ашықтық пен әділдік қағидаттарының шынайы айғағы.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *