МҚІСЖҚА кадрлық қызметтің жаңа форматын енгізуде

Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Төрағасы Алик Шпекбаев ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында хабарлады.

Агенттік Төрағасы персоналды басқару қызметін жаңғыртудың маңыздылығын атап өтті.

«Қазіргі таңда кадр қызметінің жұмысы жұмысқа қабылдау немесе жұмыстан босату бойынша бұйрықтар дайындау мен рәсімдеуге, сонымен қатар, формалды тәртіптік бақылауға негізделген» деді Төраға.

Агенттік Төрағасының айтуынша, кадрлық бөлім  кадрлық іс-қағаздарды жүргізумен бірге ең тиімді кандидаттарды іріктеуге, құзіреттілікті басқаруға және қызметкерлердің кәсіби дамуына, олардың жұмыстарының тиімділігін арттыруға, персоналды дамыту бағдарламасын әзірлеуге және жүзеге асыруға бағытталуы тиіс. Персоналды басқару мәселелерінің шеңбері әлеуметтік-психологиялық диагностикадан мемлекеттік органның кадрлық әлеуетін талдауға дейінгі мәселелерді қамтуы тиіс.  HR-қызметтер ұжымдағы қолайлы психологиялық ахуалдың қалыптасуына жауапты.

Мәжіліс барысында Алик Шпекбаев жауапты хатшылар мен аппарат басшыларына «Құжаттармен жұмыс істеуден адамдармен жұмыс істеуге көшу қажет. Бұған байыптылықпен қарауларыңызды сұраймын. Өз тарапымыздан, біз әдістемелік көмек көрсететін боламыз» деп үндеді.

Сонымен бірге, осы бағыттағы алғашқы қадамдарды Агенттік жасайтынын атап өтті.

«Ағымдағы жылы біз «Жалпы қызмет көрсету орталығы» идеясы негізінде кадрлық қызметтердің жұмысында түбегейлі жаңа форматқа көшеміз. Яғни, мемлекеттік аппаратты оңтайландыру мәнінде өзекті болып табылатын барлық кадрлық үдерістер бірыңғай Агенттіктің бөлімшелерінде жүргізілетін болады» – деп сөзін қорытындылады.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *